Сандарды салыстыру

Number Compare by PhET Interactive Simulations, University of Colorado Boulder, licensed under CC-BY-4.0 (https://phet.colorado.edu)

Мақсаты:

  • Сандарды салыстырып үйрену
  • Бір таңбалы және екі таңбалы сандарды оқу, жазу және салыстыру; 
  • «+», «-», «=»,«>», «<» таңбаларын қолдану.

Бұл виртуалды жұмыс математика сабағында келесі тақырыптары бойынша пайдалануға арналған:

  • 1 сынып. “Санды өрнектерді салыстыру”

Теориялық бөлім

Сандарды салыстыру — бұл екі санның қайсысы үлкен және қайсысы аз екенін анықтауға көмектесетін әрекет.

Сандарды натурал сандар қатарындағы орнына қарай салыстырады. 

Екі таңбалы сандарды разряды бойынша екінші (ондық) разрядтан бастап салыстырады. Егер ондықтар саны бірдей болса, онда бірліктер разрядын салыстырады. 

Біз сандарды салыстырмалы белгілермен салыстырамыз:

  • Қай санның үлкен және қайсысы аз екенін көрсету үшін «>» (үлкен) және «<» (кіші) белгілерін қолданамыз. Мысалы, 5 > 3 дегеніміз 5 3-тен үлкен екенін білдіреді.

Виртуалды эксперимент

“Сандарды салыстыру” симуляторы оқушыларға сандармен танысуға және салыстыруға мүмкіндік береді. Сандар мен суреттер салыстыруды икемді түрде зерттеуге мүмкіндік береді. 

Жұмыс барысы:

Бөлім 1. Салыстыру

 1-қадам. Симуляцияны іске қосыңыз: сізге 2 түрлі режим беріледі: “Compare” және “Lab”. “Compare” бөлімін ашыңыз.

2-қадам. Жұмыс аймағында сізге берілген:

  • Салыстыруды көрсететін терезелер;
  • Заттарды орналастыруға арналған екі терезе және салыстыратын заттар: күшік, алма, көбелек, доп, сан;
  • Терезеге орналастырған заттарды реттеуге арналған кесте;
  • Салыстыруды текшелер және кесінді түрінде көруге болады;
  • Қайта бастау батырмасы.

3-қадам. Заттарды орналастыруға арналған 1-ші терезеге тышқанның сол жағын басып тұру арқылы күшікті орналастырыңыз. 

4-қадам. Жоғарыда орналасқан терезелерден салыстыруды көре аласыз: 1>0. 

5-қадам. Заттардың санын жоғарыдағы терезелер арқылы және заттың қасындағы батырма арқылы арттыруға және азайтуға болады. 

6-қадам. Екінші терезеге бірнеше күшік шығарыңыз. Жоғарыдағы терезеден салыстыру өрнегіне және текшелер бағанына қараңыз.

7-қадам. Текшелер бағанын кесінді түріне ауыстырып, өзгерістерді бақылаңыз. Күшіктер реттілікпен орналасуы үшін кестені пайдаланыңыз.

8-қадам. Заттарды орналастыруға арналған екі терезеге күшікті әртүрлі сан мөлшерінде қойып, бірнеше салыстыру жасаңыз.

9-қадам. Күшікті басқа зат түрлеріне ауыстыру арқылы салыстыру жүргізіңіз.

Бөлім 2. Зертханалық бөлім

10-қадам. “Lab” бөлімін ашыңыз. Жұмыс аймағында сізге берілген:

  • 1-ден 20-ға дейінгі сандар;
  • Амалдар: салыстыру, тең, қосу, азайту;
  • Кесте, күшік, алма, көбелек, доп, сан;
  • Қайта бастау батырмасы.

11-қадам. Күшіктерден салыстыру өрнегін құрыңыз.

12-қадам. Құрған өрнегіңізді экранның жоғары бөлігінде берілген сандар түрінде құрастырып, салыстырыңыз. 

13-қадам. Қосымша тапсырмалар:

  • Зертханалық бөлімде сіз берілген элементтерді қолдана отырып, өз қалауыңыз бойынша әр түрлі өрнектер жасай аласыз және салыстырмалы түрде білімді бекіте аласыз.
  • Әр түрлі сандарды, амалдарды және заттарды қолдана отырып, өрнектердің бірнеше түрін жасаңыз.

Қорытынды

Оқушылар виртуалды құралдар мен модельдеулерді қолдана отырып, сандарды салыстыруды үйренді. Салыстырулар тек сандар түрінде емес, әртүрлі заттар түрінде болғандығы оқушыларға тақырыпты оңай түсінуге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе математика саласындағы білімдерін байытты және одан әрі білім игергенде пайдалы болады.