Қарлы ертегі әлемі

play-rounded-fill

Қарлы ертегі әлемі

Жобаның мақсаты:

  • Балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды қысқы табиғаттың ерекшеліктерімен таныстыру.
  • Ұсақ моториканы жетілдіру және қолдың бұлшықеттерін нығайту.
  • Балаларға табиғи материалдарды алмастыратын жасанды қар жасау үдерісін түсіндіру.
  • Эксперименттік жұмыс жасау арқылы STEAM-дағдыларын (ғылым, технология, инженерия, өнер, математика) дамыту.

Қалыптастырушы дағдылар:

  • Танымдық қабілет: Балалар қардың құрылымы мен ерекшелігін зерттеп, табиғи құбылыстар туралы түсінік алады.
  • Қол моторикасы: Қарды қолмен илеп, әртүрлі мүсіндер жасау арқылы саусақ бұлшықеттерін жетілдіреді.
  • Шығармашылық: Аю және басқа кейіпкерлерді жасай отырып, қиялын дамытады.
  • Ғылыми түсінік: Қоспалардың қасиеттерін қарапайым түрде түсінеді.
  • Зерттеу дағдылары: Балалар өз тәжірибесін жүргізіп, эксперимент арқылы нәтиже алуға дағдыланады.

Жобаның құндылығы:

Бұл жоба балаларға табиғаттың бір бөлшегін зерттеу мен оны қолдан жасау мүмкіндігін береді. Балалар өз қолдарымен қар жасап, оны сезіну, илеу, мүсіндеу арқылы тактильді дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, бұл процесс олардың ғылыми қызығушылығын оятып, эксперимент жасауға деген ынтасын арттырады. Қысқы атмосфераны жасанды қармен бейнелеу балалардың қиялын кеңейтіп, шығармашылыққа баулиды.

Тәрбиешіге арналған нұсқаулық

  • Балаларға қардың қалай пайда болатыны және оның физикалық қасиеттері туралы қысқаша әңгіме айтып беріңіз.
  • Бұл жобаны балалар топпен, жұппен немесе жеке орындайды.
  • Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек. 
  • Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз. 
  • Тәжірибелік  бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.

STEAM жобасындағы  қауіпсіздік техникасы
Ұйымдастырған іс әрекетті бастамас бұрын тәрбиленушіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет. Балаларға қолына бір реттік қолғап киіп жасау ұсынылады. 
Сілтемеге өтіңіз     Қауіпсіздік ережелері

Тәжірибелік бөлімі

1-қадам. Картоп крахмалы мен ас содасын шұңғыл ыдысқа салыңыз.

2-қадам. Сұйық сабынды ыдысқа құйыңыз.

3-қадам. Қоспаның араластырыңыз. Босаң, бірақ сәл ылғалды масса шығуы керек. (Негізгі жұмыс осы жерден аяқталады. Төмендегі қадамдар қосымша ретінде қолданып жасата аласыз. Немесе бұл жасанды қарды өз қалауыңызша ойнап пайдалана аласыз.)

4-қадам. Жасанды қардың бір бөлігін контейнерге салып жайыңыз.

5-қадам. Қардың үстіне қардан ақ аю, аққала немесе тағы басқа жануарларды, кейіпкерлерді жасап орналастырыз.

Дайын! Енді сіз өзіңіздің қысқы әлеміңізді толықтырып, қарлы мүсіндеріңізбен ойнап, қысқы ертегіні өз қолыңызбен жасай аласыз!

Қорытынды

Бұл жоба балаларға қысқы табиғаттың ерекшеліктерін түсінуге, ғылыми эксперименттер жасауға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жасанды қармен ойнау балаларға қыс мезгілінің сұлулығын сезінуге және өздерінің қиялдарын жүзеге асыруға көмектеседі. Дайын қарлы композициялар балалардың өз еңбектеріне деген мақтаныш сезімін арттырып, олардың зерттеу мен шығармашылыққа деген ынтасын дамытады.