Бал арасы
tarbieshi steam project — 5
Жобаның мақсаты: Балаларға қарапайым картон түтігінен кішкентай ара моделін жасауды үйрету. Бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін, қолдың ұсақ моторикасын дамытады. Сонымен қатар, жоба арқылы балалар табиғатты бақылап, аралар мен гүлдер арасындағы байланысты түсінеді.
Құндылықтар:
- Бұл жоба балаларды табиғатты қорғауға және аралардың пайдасы туралы түсінуге баулиды.
- Қарапайым материалдарды қолданып, өз қолдарымен ерекше бұйымдар жасауды үйренеді.
Қалыптастырушы дағдылар:
- Ұсақ моторика: балалар жіп пен картон секілді ұсақ элементтермен ұқыпты жұмыс істеуді үйренеді.
- Шығармашылық ойлау: өз қолымен жасалған ара моделі қиял мен елестету қабілетін дамытады.
- Танымдық әрекет: балалар аралардың табиғаттағы рөлі мен олардың қоршаған ортаға пайдасы туралы біледі.
- Әлеуметтік дағдылар: жобаны топпен орындау балалардың ұжымда жұмыс істеу қабілетін дамытады.
- Қол еңбегі: қауіпсіз құралдармен және материалдармен жұмыс істеу дағдыларын нығайтады.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық:
- Бұл жобаны балалар топпен немесе жұппен орындайды.
- Балалардың қызығушылығын ояту үшін табиғаттағы аралардың рөлі туралы қысқаша әңгіме айтуға болады.
- Балаларға жобаның мақсаты мен күтілетін нәтижені қарапайым әрі қызықты тілде түсіндіріңіз. Мысалы: «Бүгін біз ара жасап, оның гүлден гүлге қалай ұшып-қонатынын көреміз!»
- Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
STEAM жобаларындағы қауіпсіздік техникасы
Ұйымдастырған іс әрекетті бастамас бұрын тәрбиленушіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз
Теориялық бөлім
Ара – табиғаттың пайдалы жәндіктерінің бірі. Ол гүлдерден шырын жинап, бал жасайды. Аралар гүлден гүлге ұшып, өсімдіктердің тозаңдануына, көбеюіне көмектеседі. Бүгін біз қарапайым материалдарды пайдаланып, ара жасап, оның гүлден гүлге қалай ұшатынын көрсететін боламыз.
Тәжірибелік бөлімі
Бал арасы жобасының жасалу жолы:
1-қадам: Алдымен бізге араның денесін жасау қажет. Ол үшін картон түтігін кеңсе пышағымен абайлап кесіп, алдын ала дайындап қоямыз. (тәрбиеші орындауы қажет)


2-қадам: Картон түтікті сары түске бояймыз. Бұл араның денесі болады.

3-қадам: Енді араның көзшелерін жабыстырамыз. Фломастермен жәндігімізді күлімдетеміз. Қара тоқыма жіптерін түтікке орау арқылы араның денесіне тән жолақтарын жасаймыз.


4-қадам: Содан соң гүлдерімізді құраймыз. Қызғылт және ақ картондардан шеңберлер қиямыз. Қалған ақ картоннан араның қанаттарын жасаймыз.


5-қадам: Қанатымызды араға қағаз желіммен жабыстырамыз. Біздің арамыз дайын, енді гүлге көшеміз.

6-қадам: Қағаз желімнің көмегімен шеңберлерді біріктіріп екі гүл жасаймыз. Әр гүлді: ортасындағы ақ шеңберге қызғылт күлтелерін жабыстыру арқылы құраймыз.


7-қадам: Тоқыма жібін араның денесінен өткізіп, екі шетін гүлдерге таспа арқылы жабыстырамыз. Осылайша ара жіп бойымен қозғала алады.


Дайын! Балаларға жіптің шетінен ұстатып, араны бір гүлден екінші гүлге «ұшыруға» мүмкіндік беріңіз.


Қорытынды
Бұл жоба балаларға табиғаттағы аралардың рөлі мен олардың гүлдерге қалай көмектесетінін үйретеді. Балалар өз қолдарымен жасаған араны ойнап көреді, бұл олардың ұсақ моторикасын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі.