Ағаш білезік
02 Білезік
Жобаның мақсаты:
Ағаштан білезік жасау арқылы, балаларды ағаштың ерекшеліктерімен таныстыру
Құндылық:
Ағаштың ерекшеліктерін үлгі ете отырып, дұрыс бағыт бағдар алса, адамдар да көптеген жетістіктерге қол жеткізе алатынын, ол үшін керекті мөлшерде еңбектену керектігін түсіндіреміз.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық
Бұл жобаны балалар топпен немесе жеке орындайды.
Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек.
Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
STEAM жобасындағы қауіпсіздік техникасы
жобаны бастамас бұрын тәрбиешіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз Қауіпсіздік ережелері
Теориялық бөлім
Ағаштардың адам өмірінде алар орны ерекше. Ағаштан үйден бастап, ыдыс аяқ, тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер мен әртүрлі аспаптар жасайды. Ал өсіп тұрған ағаштар табиғаттың түрлі апаттарының алдын алумен қатар ауаны тазартып, адамзатқа керекті оттегіні бөліп шығарады. Ал ағаштан керекті затты жасау үшін оны баптап, ыңғайлы пішінге келтірудің түрлі жолы бар. Балмұздақ таяқшаларынан білезік жасау арқылы ағаштың бір қырын зерттеп көреміз.
Тәжірибелік бөлім
Керек заттар: Балмұздақ таяқшасы, пластик немесе шыны стакандар, қазан, су, түрлі-түсті фломастерлер немесе гуашь, безендіру жапсырмалары
1-Қадам:
Балмұздақ таяқшаларын қайнап жатқан суға салып, он, он бес минут қайнатамыз. [Қауіпсіздік үшін бұл әрекетті ересек адам жасап, балалар тек бақылағаны дұрыс]


2-Қадам:
Таяқшаларды судан алып пластик стакандардың ішіне майыстырып, көлденең салып қоямыз. Балалардың білектерінің өлшеміне қарай стакандардың түбіне немесе бетіне қарай жылжытып, керек пішінге келтіруге болады.


3-Қадам:
Бірнеше сағаттан соң оларды ашық жерге кебуге қойып қоямыз. Бір күн кепкен білезік пішініндегі таяқшаларды қалауымызша безендіреміз.

4-Қадам:
Ең оңайы безендіру жапсырмаларын жапсыруға болады. Фломастерлермен немесе бояумен сурет, өрнектер салуға болады.

Қорытынды
Қатты болып тұрған ағашты керек мөлшерде қайнату арқылы иілгіш қасиетке ие етуге болатынын көрсетеміз. Адам да тиісінше еңбектенсе қалаған деңгейіне қол жеткізетінін түсіндіруге болады.