Бақшадағы еңбек
Бақшадағы еңбек
Жобаның мақсаты:
- Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қағаздан түрлі көлемді композициялар жасауға үйрету.
- Қол моторикасы мен кеңістіктік ойлау қабілетін дамыту.
- Балаларды көктем мезгілінің ерекшеліктерімен және табиғаттағы еңбек түрлерімен таныстыру.
Қалыптастырушы дағдылар:
- Шығармашылық: Түрлі түсті қағаздардан күн, бұлттар, ағаштар және шөптерді сәндеп жасау.
- Қол моторикасы: Қайшы, желім және қағазды бүктеу арқылы ұсақ қимыл дағдыларын жетілдіру.
- Кеңістіктік ойлау: Элементтерді дұрыс орналастыру арқылы бақша композициясын құрастыру.
- Табиғат пен еңбекке қызығушылық: Фермердің көктемгі еңбегі мен оның табиғатқа әсерін түсіну.
Жобаның құндылығы:
Бұл жоба балаларға табиғаттағы көктемгі еңбек пен оның маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді. Шығармашылық процесс арқылы олар өз қолдарымен әсем бақша құрып, табиғат әлеміне деген сүйіспеншіліктерін арттырады. Жұмыс барысында балалардың ұқыптылығы, шыдамдылығы және еңбекке деген қызығушылығы қалыптасады. Сонымен қатар, дайын композиция балалардың өз қолынан шыққан туындыларға деген мақтаныш сезімін арттырады.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық
- Балаларға көктем мезгілінің ерекшеліктері мен табиғаттағы өзгерістер туралы қысқаша мәлімет беріңіз.
- Фермердің еңбегі туралы айтып, оның табиғат пен адамдар үшін маңызын түсіндіріңіз.
- Бұл жобаны балалар топпен, жұппен немесе жеке орындайды.
- Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек.
- Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
STEAM жобасындағы қауіпсіздік техникасы
Ұйымдастырған іс әрекетті бастамас бұрын тәрбиленушіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз Қауіпсіздік ережелері
Тәжірибелік бөлімі
1-қадам. Көк қатты қағазды ортасынан бүктеп, жартылай доға сызып, қиып алыңыз.

2-қадам. Жасыл түсті қағаздарға сопақша етіп ағаштар салып, қиып алыңыз.

3-қадам. Ақ түсті қағазға бұлттар, сары қағазға күн салып қиып алыңыз.

4-қадам. Ағаштарды, бұлттарды және күнді желімдеңіз.

5-қадам. Жасыл қағазды гармошка етіп бүктеп шығыңыз.

6-қадам. Гармошканы ортасынан бүктеп, бір біріне желімдеңіз. Шет жақтарын көк қағазға суреттегідей етіп желімдеңіз.

7-қадам. Жасыл түсті қағазға шөптер салып, қиып алыңыз.

8-қадам. Шөптерді жердің қызметін атқарып тұрған жасыл қағазға желімдеп шығыңыз.

9-қадам. Берілген фермердің суретін шығарып, қиып алыңыз. Сілтеме.

10-қадам. Фермерді бақшаға орналастырып, желімдеңіз.

Дайын! Көктемде бақшаға фермерлер егін егіп, еңбек етеді.

Қорытынды
Бұл жоба балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке, еңбекке құрметпен қарауға баулиды. Фермердің көктемгі бақшасын жасау процесі олардың қиялын дамытып, шығармашылық ойлауға ынталандырады.