Кілем тоқу
17. Кілем тоқу
Жобаның мақсаты
Балаларды ұлттық қолөнердің негізгі әдісімен таныстырып, өз беттерінше қарапайым заттардан кілемшелерді жасап шығарудың жолдарын үйрету.
Құндылық
Кез-келген халықтың қолөнерінде ұлттық философиясы бар. Балаларға кілем тоқудың қарапайым тәсілімен таныстыру, қазақ халқының ұлттық санасын олардың бойына дарытудың бір жолы. Қолөнер бұйымдарымен танысу, олардың жасалу жолдарын үйрену балалардың рухани кемелденуіне үлкен үлес қосумен қатар, оларда ұсақ моториканы дамыту мен қиялын кеңінен қолдануға жол ашады.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық
- Бұл жобаны балалар топпен, жұппен немесе жеке орындайды.
- Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек.
- Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
Steam жобасындағы қауіпсіздік техникасы
Сабақты бастамас бұрын тәрбиешіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз Қауіпсіздік ережелері
Теориялық бөлім
Кілем тоқудың қарапайым тәсілін қолдану арқылы балалар үлкен бір қолөнердің алғышарттарымен танысады. Және олар өздеріне қалаған түсте, қалаған пішінде қолданбалы зат жасай алады. Бұл баланың бойында шығармашылық, жасампаздық қасиеттерді дамытады.
Тәжірибелік бөлімі
- Картонның айнала шетін арасы 1см болатындай етіп 1см-ден қиып шығыңыз.


2. Ақ немесе қара түсті жіпті ең шетінен бір айналдырып байлаңыз.

3. Ары қарай жіппен қиылған жерлерден бір реттен өтетіндей етіп картонды түгел айналдырып шығыңыз.

4. Ең шетіне жеткенде тағы бір рет жіпті байлаңыз да, ұшын көлденең өткізіп, алғашқы жіпке жалғап бекітіңіз. Осылайша сіздің өрмегіңіз дайын болды.
5. Түрлі-түсті жіптің ұшына шаш қыстырғышты байлап алып, дайындалған негізгі жіптердің арасынан ары-бері жүргізіп, кілемшені тоқыңыз.

6. Тақырыпқа қарай әртүрлі түстерді қолданып, өрнек салып тоқуға болады. Мысалы Тәуелсіздік күніне орай көк байрақтың кейпінде көк және сары түстерді пайдаланып кілем тоқу ұсынылады.

Қорытынды
Кілем тоқудың қарапайым жолын үйрену арқылы балалар шексіз қиялға ерік беріп, көптеген шығармашылық қабілеттерін шыңдай алатыны сөзсіз.