Көңілді аққала
13. Көңілді аққала
Жобаның мақсаты
- Үй жағдайында аққаланы қарапайым заттарды пайдалана отырып, қимылдайтын етіп жасау.
Құндылық
Қыс мезгілінде балалар үшін ең қызықты сәттердің бірі аққала жасау. Ал қар жаумаған кездерде немесе далада өте суық болып қармен ойнау мүмкіндігі болмаса, балалармен іште де сол сыртқы қызықтан кем түспейтіндей етіп көңілді аққала жасау, олардың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлейді. Бұндай әрекеттер, қоршаған ортаның қиындықтарын өзімізге қарай бейімдеп, өмірдің әр сәтінде бақытты бола алуға үйретеді. Еңбек пен қиялды біріктірудің пайдасын кішкентайынан үйренуге жетелейді.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық
- Бұл жобаны балалар топпен, жұппен немесе жеке орындайды.
- Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек.
- Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
STEAM жобасындағы қауіпсіздік техникасы
Сабақты бастамас бұрын тәрбиешіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз Қауіпсіздік ережелері
Теориялық бөлім
Тепе теңдікті сақтау үшін кішкентай бөлшектерді дұрыс қолданып, заттарды дұрыс құрастыра алсақ, өте қарапайым заттан қызықты да күрделі құрылым жасауға болады.
Тәжірибелік бөлімі
Керекті заттар:
ақ түсті қағаз стакан, тіз шұқитын таяқша, ақ және қара түсті қағаз, кір қыстырғыш, желім, қызыл, сары қалам.
1-қадам Ақ қағазға аққаланың басын саламыз. Басына қалпақ жасап жапсырамыз немесе суретін саламыз. Беті мен мұрнын қызыл, сары түстермен бояймыз. Аққала міндетті түрде күліп тұруы керек.

2-қадам Бастың суретін қиып аламыз.

3-қадам Қара түсті қағаздан бұтақ тәрізді етіп аққаланың қолдары мен дөңгелек түймелер қиып аламыз.

4-қадам Стаканның түбінен ұзындығы екі, ені жарты см болатын тесік қиып аламыз. Стаканға түймелер мен қолдарын жапсырамыз.

5-қадам. Ені жарты, ұзындығы төрт см қағазды қиып алып бір шетіне аққаланың басын жапсырамыз. Қағаздың ортасынан таяқшаны тесіп өткіземіз. Таяқша көлденең түсетіндей етіп стаканның түбіндегі тесікке қағаздың бос бетін саламыз.


6-қадам. Стаканның ішінен қағазға кір қыстырғышты қыстырамыз. Оның салмағынан жоғарыда аққаланың басы ойнап тұратын болады.

Қорытынды
Стакан түбіндегі тесікте еркін қозғалған қағаздың қимылы аққалаға билеп тұрған көрініс береді. Балансир ретінде тұрған таяқшаны осы жолмен қолдану арқылы көп затқа «жан бітіруге» болады.