Сиқырлы су
03. Сиқырлы су
Жобаның мақсаты
Судың түсін өзгертіп, қайта қалпына келтіру арқылы судың қасиеттерін түсіндіру
Құндылық
Суға қосылған бояу немесе заттар суды қалай кірлетіп, тазаласа, адам бойында да сондай құбылыс жүретінін түсіндіреміз. Адамға айтылған немесе өзі жасаған жағымсыз әрекеттер мен сөздер оны кірлетсе, оның жақсы қасиеттері мен оң қылықтары оны тазартады.
Тәрбиешіге арналған нұсқаулық
- Бұл жобаны балалар топпен немесе жеке орындайды.
- Балалар жобаның мақсатын қамтитын тақырыптармен танысуы керек.
- Балаларға арналған жұмыс алаңын дайындаңыз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын балаларға барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және беріңіз.
Steam жобасындағы қауіпсіздік техникасы
Сабақты бастамас бұрын тәрбиешіге қауіпсіздік техникасымен танысу ұсынылады. Қажет болған жағдайда (ҚТ-да көрсетілген заттарды пайдаланған жағдайда) балаларға қысқаша нұсқау жүргізу қажет.
Сілтемеге өтіңіз Қауіпсіздік ережелері
Теориялық бөлім
Суға түрлі дәрі немесе бояулар қосу арқылы түсін өзгертуге болады. Дәл солай кейбір химиялық заттар арқылы қайта мөлдір қалпына келтіруге болады. Өмірде баланы таза су деп санап, оны түрлі жағымсыз сөз, жағымсыз қылықтармен «бояп» тастаған болсақ, оны дұрыс тәрбие, жақсы қарым қатынас арқылы қайта «мөлдір» қалпына келтіруге болады.
Тәжірибелік бөлім
Керекті заттар: Су, шыны ыдыс, йод, ерітілген витамин с, тамызытқыш [пипетка]
1-қадам Суды мөлдір таза күйінде көрсетеміз.

2-қадам Суға йод тамызамыз. Сарғайған суды көрсетеміз.


3-қадам Ерітілген С дәруменін тамызып, судың қайта мөлдір қалпына келуін бақылаймыз.



Қорытынды
Судың тазарғаны секілді адам бойының да жаман әдеттер мен жағымсыз қылықтардан, жақсы әрекеттерді көп жасауы арқылы тазалана алатыны түсіндіріледі.